Preview

Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университетінің Хабаршысы

Кеңейтілген іздеу
№ 2 (2020)
Шығарылымды жүктеу PDF (Russian)

ЖАРАТЫЛЫСТАНУ 

7-14 390
Аннотация

Мақалада білім алушыларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу мақсатында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының негізгі кезеңдері берілген. Жүргізілген зерттеулер бойынша ғылыми-зерттеу жұмысының барысы мен зерттеу жұмысының ұйымдастырылу кезеңдері көрсетілген. Зерттеу жұмысының барысында білім алушыларға арналған алдыңғы қатарлы жетекші мектептердің ғылыми зерттеудің спецификасы туралы жалпы көзқарасын қалыптастыру мақсатында білімгерлердің зерттеу жұмысын ұйымдастыру кезеңдері талданды. Жүргізілген зерттеу жұмыстары білімгерлердің ғылыми білімін дамыту, зерттеу жүргізу әдістерін меңгерту, сонымен қатар оқыту үдерісі мен ғылыми зерттеу жұмыстарын интеграциялау арқылы білім сапасын арттыруға негізделген. Зерттеу объектісі ретінде үйеңкінің үш түрі (өзен маңы немесе гиннала үйеңкісі - А.ginnala), үшкір жапырақты үйеңкі - A.platanoides және жалған платан жапырақты немесе явор үйеңкісі - A.pseudoplatanus) таңдап алынып, олардың көшеттері ботаникалық баққа интродукцияланып, олардың маусымдық даму ерекшеліктерін зерттеу үшін фенологиялық бақылау жүргізілді, сондай-ақ морфологиялық белгілерінің өзгергіштіктері зерттелді.

15-24 471
Аннотация

Соңғы уақытта шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектерінде болашақ мұғалімдердің түйінді құзыреттіліктерінің бірі ретінде зерттеушілік құзыреттілігін қалыптастыру мәселесі көтерілуде. Бұл мақала Биология мамандығы студенттерінің зерттеушілік құзыреттілігін қалыптастыру мәселесіне арналады. Мақалада лабораториялық практикумдар барысында білім алушылардың оқу-зерттеушілік, ғылыми- зерттеушілік іс-әрекетін жүзеге асырудың маңызы ашылады. Биолог-студенттердің зерттеушілік біліктерін қалыптастыру үшін адаптивті-инновациялық технологияларды таңдап алудың себебі түсіндіріледі, сонымен қатар адаптивті-инновациялық технологиялардың қысқаша сипаттамасы келтіріледі. "Өсімдіктер физиологиясы", "Цитология және гистология негіздері", "Биологиялық практикум" пәндері бойынша адаптивті-инновациялық технологиялар қолданудыңүлгілері беріледі.

25-34 1517
Аннотация

Мақалада Назарбаев Зияткерлік мектебінде химия пәнін оқытудағы зерттеу тәжірибесінің материалдары ұсынылған. Зерттеу ақпараттық құзіреттілік пен жаратылыстану ғылымының функционалдық сауаттылығын дамытуды қиындататын білім беру ақпараттарымен жұмыс жасауда студенттердің өзара әрекеттесу мәселесіне негізделген. Зерттеудің мақсаты оқушының ақпаратты жеке қабылдауының түрі, оқытушы ұсынатын оқу ресурсының сипаты мен оқушының жұмысын ұйымдастыруы, сонымен қатар оқу жетістіктері арасындағы байланысты орнату арқылы анықталады. Зерттеушілік оқыту негізіндегі саралап оқыту тәсілі жекелеп оқытуды ұйымдастыру ерекшелігі ретінде. Алынған нәтижелер бізге мынаны анықтауға мүмкіндік береді: ұсынылған оқу барысында ақпаратты қабылдаудың жеке түрін ескере отырып, оқушының жеке оқу траекториясында үлгерімін қамтамасыз етуді.

36-43 341
Аннотация

Мaқaлaдa жоғары оқу орындарында білім беруде ұстаздардың алатын орны мен нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесінің өзекті мәселелері қарастырылған. Сoнымен қaтaр, білім мазмұнын қазіргі заман талабына сай жаңарту және оқыту технологияларын дұрыс пайдаданудың артықшылықтары көрсетілген. Оқыту технологияларын дұрыс пайдалана білу нәтижесінде студенттер өздерінің оқыту үдерісіндегі бағытының мәнін, маңыздылығын түсініп, оның ерекшеліктері мен заңдылықтарын, компоненттерін меңгеруге қажетті білім негіздерін игерсе, онда танымдық қызығушылық пен танымдық іс- әрекеттің маңызы артады. Осыған байланысты мақалада «Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығына арналған «Бейорганикалық химия» пәнін оқытуда модульдік технологияны пайдалану ерекшеліктері мен оның артықшылықтары сипатталған.

44-51 449
Аннотация

Тат ауруларының ішінде кең таралған және өте зиянды ауру қоздырғыштардың бірі қоңыр тат (Puccinia recondita). Дамыған елдерде тат аурулары, әсіресе, қоңыр тат бидай өнімділігін тежейтін биологиялық фактор болып табылады, бұл патоген популяция құрамының мутацияға бейімділігімен және ауа ағымы арқылы бірнеше жүздеген километр қашықтықтарға тез таралуға қабілеттілігімен түсіндіріледі. Қазақстанда егістік алқаптардың барлығынан бидай қоңыр татының дамуы анықталған. Мақалада фитопатология пәнінен зертханалық сабақта қоңыр тат ауруларының себебін, ауру қоздырғыштын ие өсімдікпен ара-қатынасын, өсімдіктердің ауруға қарсы тұруы және тағы басқа күрес жолдарын жүргізу көрсетілген. Астық дақылы сорттарын зақымдайтын қоңыр тат ауруы зерттелген, індетті аурудың негізгі патогенді белгілері, дамуына қолайлы жағдайлар талданылған. Тақырып бойынша зертханалық жұмыстарды өткізу барысында проблематикалық әдістің деңгейлеп саралап оқыту технологиясы қолданылған.

ФИЗИКА, МАТЕМАТИКА, ИНФОРМАТИКА 

53-61 464
Аннотация

Жалпы білім беретін орта мектепте математиканы оқыту процесінде қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану міндетін шешу, дидактикалық қағидаларды таңдау және оларды негіздеу қажеттігіне әкеледі. Зерттеу жұмысының мақсаты - оқытудың ақпараттық технологияларын пайдаланудың дидактикалық қағидаларын анықтау және негіздеу болып отыр. Зерттеу мәселесі бойынша әдебиеттерді зерделеу және теориялық талдау, озық педагогикалық тәжірибені талдау нәтижесінде дидактикалық қағидаларды жаңасына ауыстырмай, тек оларды кез келген жағдайда конструктивті пайдалануға мүмкіндік беретіндей, оның мазмұны қайта қаралып, толықтырылған. Осылайша, бұл жұмыста оқытудың ақпараттық технологияларын пайдаланудың негізгі дидактикалық принциптері анықталған. Сонымен қатар, оқу процесінде іске асырылатын дидактикалық жүйеге қатысты қағидалардың мәндік мазмұны ашылған.

62-72 491
Аннотация

Мақалада оқушылардың оқуға қабілеттерінің даму мүмкіндігін анықтайтын оқыту процесінде танымдық стратегияларды қалыптастыру қажеттілігі негізделеді. "Танымдық стратегиялар" ұғымы талданды, олардың жалпы оқу іскерліктерімен өзара байланысы ашылды, оқу үдерісін қалыптастыру шарты ретінде жеке тұлғаға бағыттау қажеттілігі көрсетілді. Оқушылардың танымдық стратегияларын қалыптастыру және дамыту процесінің құрылымы сипатталған, оқушылардың тұлғалық танымдық стратегияларын қалыптастыруға оқытудың бағдарын анықтайтын қағидаттар жүйесі ұсынылған. Білім алушылардың тұлғалық танымдық стратегияларын дамыту тұлғалық танымдық тәжірибені ұғыну және бекіту арқылы жүзеге асырылады. Білім беру үдерісін ұйымдастырудың практикалық тәжірибесін жинақтау оқушылардың тұлғалық танымдық стратегияларын дамыту мақсатында математиканы оқытуда қолданылатын есептер жүйелеріне қойылатын талаптарды нақтылауға және мектептік геометриялық есепті шешудің жалпыланған танымдық стратегиясын құрылымдауға мүмкіндік берді.

ФИЛОЛОГИЯ 

74-81 418
Аннотация

Мағыналық тұтастық арқылы шығып, өзіндік ерекшеліктерін орнықтырған қазіргі тіліміздегі күрделі сөздердің тілдік табиғатын, негізгі сипатты белгілерін, ғылымдағы орнын белгілеудің маңызы зор. Екіншілік мағына иеленіп, синтаксистік тіркестен гөрі туынды күрделі сөзге айналған бұл лексикаланған тіркестердің сөзжасамда зерттелуі әлі де болса тереңірек қарастыруды қажет етеді. Зерттеудің мақсаты - сөз тіркестерінің лексикаланып, атау ретінде қалыптасу жолын пайымдап, оның атау ретіндегі қалыптасу жолын зерттеушілердің пікірлері арқылы дәлелдеу. Күрделі атаулардың қалыптасу ерекшелігін саралау. Күрделі сөздердің тұтас бір ұғымды білдіретіндігін, құрамындағы сыңарлары үнемі мағыналық тұтастықта жұмсалатынын, үшіншіден, сыңарлары құрастырушы қызмет атқаратын белгілері ғалымдардың нақты зерттеулері арқылы дәлелдерін нақтылау. Сөз тіркесінің грамматикалық мәнін анықтай отырып, сөз тіркестері арқылы жасалынған күрделі атаулардың ерекшелігін саралау.

82-89 493
Аннотация

Түс көру мотиві көптеген әлем халықтарының фольклорлық туындыларында кездеседі. Соның ішінде шығыс елдерінің ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларында, әсіресе, пайғамбарлар туралы аңыз- әңгімелерде, діни дастандарда, батырлық жырларда кездеседі. Мақалада «Алпамыс батыр», «Орақ–Мамай», «Ер Сайын», «Қарабек», «Ғазауат Сұлтан» және басқа да эпостардағы түс және оны жору көріністері талданып, түс мотивінің шығармаларда атқаратын қызметтері талданады. Түстің атқаратын қызметі бір бағытта, бір жақты болатыны айтылады. Және оны ойнақшытуға, мағынасын олай да, бұлай бұрмалауға болмайтыны, түс міндетті түрде шындыққа айналатыны сөз болады.

90-98 431
Аннотация

Мақалада толғау жанрының қалыптасып, даму үдерісі қарастырылады. Жазба әдебиеттің толғаудың дамуындағы рөлі мен дәстүрлі жанрлық белгілерінің өзгеруіне қаншалықты деңгейде ықпал еткендігі зерделенеді. Бүгінгі музыка өнері мен сандық технологияның толғау жанрының дамуына қосқан үлесі сараланып және толғаудың түрлену сипаты туралы ғылыми дәйектер ұсынылады. Жанрды құраушы элементтердің жаңарып отыруына қарамастан, оның біршама типтік формалық белгілерінің, мазмұндық сипатының сақталу ерекшеліктері сараланады. Толғаудың адресатқа бағытталатын әлеуметтік, дидактикалық қызметінің сабақтастығы зерделенеді.

99-105 2206
Аннотация

Қазіргі уақытта шетел тілін оқытудың жаңа әдістеріне деген қызығушылық артып отыр. Мақалада тілді оқытудағы коммуникативтік тәсілдің анықтамасы беріледі. Коммуникативтік құзіреттілік - оқытудың негізгі компоненттерінің бірі. Коммуникативтік оқытудың ерекшеліктері, стратегиясы және негізгі қағидалары да қарастырылған. Сонымен қатар, шет тілдерін оқытудағы коммуникативті грамматиканың рөліне ерекше назар аударылады. Грамматика - шет тілдерін оқытуда коммуникативтік құзіреттілікті дамытудың тиімді әдісі.

106-112 388
Аннотация

Бұл мақала автордың жоғары оқу орнында ақпараттық аударма курсын оқытуға деген көзқарасы болып табылады. Осы қызметтің шеберлері ұсынған «аударма» ұғымының бірнеше анықтамаларын қарастырып, автор бұдан әрі ақпараттық аударманың ұғымын және негізгі ұстанымдарын зерттеуге тереңделеді. Газет- публицистикалық мәтіндерді аудару және ғылыми-көпшілік мәтіндерді аудару студенттердің қажетті дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жаттығулар жүйесімен толықтырылады. Альтернативті жаттығулардың тізімі келтіріледі, олардың қолданылуы болашақ аудармашы студенттердің кәсіби біліктерінің аясын едәуір кеңейте алады. Кейбір жаттығулар бір жыл бұрын автор шығарған «Ақпараттық аударма практикумнан» алынған және оқытушы ретінде ол университеттің бітіруші курс студенттерімен ақпараттық аударма бойынша сабақтарда табысты қолданады.

113-121 382
Аннотация

Тіларалық байланыс белгілі бір тілді білудің жетілмегендігіне, мәдени ерекшеліктері мен тілдік бірліктерді қабылдауындағы айырмашылықтарға байланысты күрделі болуы мүмкін. Бұл проблема әсіресе тілдік модальділікті білдіру кезінде өткір болып табылады. Модальділік категориясын егжей-тегжейлі зерттеу үшін авторлар екі типологиялық және генетикалық тұрғыдан байланыссыз қазақ және неміс тілдерінің модальдік бірліктерінің мәндерін зерттейді. Бұл лингвистикалық құбылыс қазақ тілді студенттерді неміс тілінде оқыту мысалында қарастырылады. Екі тілді салыстыра отырып, белгілі бір модальдық мағыналардың өрнектеріндегі мүмкін ұқсастықтар мен айырмашылықтар ашылды.

122-131 555
Аннотация

Қазақ және қытай тілдерінің фонетикалық жақтағы басты айырмашылықтарының бірі қазақ тілінде буын құрамында дауысты дыбыстар қатар қолданылмайды, қытай тілінде екі тіпті үш дауысты дыбыс қатар қолданылатын жағдайлар жиі кездеседі. Сол себепті, қазақ тілді студенттер үшін қытай тіліндегі кейбір дыбыстар мен буындарды дыбыстау айтарлықтай қиындықтар туғызады. Екіншіден, қытай тілі аналитикалық тілге жататындықтан, онда морфологиялық өзгеріс жоқтың қасы, қытай тілінде сөйлем ішінде сөздердің рет тәртібі мен көмекші сөздер маңызды рөл атқарады. Сөйлемдегі сөздердің орналасу реті де морфологиялық түрленуге бай қазақ тіліндегіден мүлде басқаша. Осындай себептерге байланысты қазақ тілді студенттер ана тілінің ықпалымен ауызекі тілде қытай тіліндегі сөйлем мүшелерінің ретін дұрыс орналастыра алмайды да, кейбір қателіктерге жол беріліп жатады. Аталған мақалада қытай тілін алғаш үйренуші қазақ тілді студенттердің сөйлеу тіліндегі фонетикалық және грамматикалық мәселелерге талдау жасалып, оларды игерудің әдіс тәсілдері көрсетілген.

132-140 885
Аннотация

Кірме cөздер – бір тілден екінші тілге сөздердің енуі нәтижесінде қалыптасқан cөздер және тілдің сөздік құрамын байытушы негіздердің бірі. Бір тілден екінші тілге cөздердің енуі, тарихи жағдайға және экономикалық, cауда, мәдени қатынастарға және т.б. байланысты. Парcы тілінде кірме cөздер өте көп, cебебі парcы тілі cан алуан өзгерістерге ұшырап, басқа тілдерден енген сөздермен лексикалық cөздік қоры байып, толығып отырды. Мысалы: араб, түрік, орыc, француз және ағылшын тілдерінен өте көп енген. Әр тілдің өзіндік тарихи жолдары бар. Қазіргі кезде Иран елі баcқа тілден енген кірме сөздерінің орнына парсы тіліндегі баламасын тауып, енгізіп жатыр. Бұл мақалада иран мен түркі халықтарының арасындағы ұзақ тарихи жылдар барысында тюркизмдердің парсы тіліне ену жолдары жайында баяндалады. Мақаланы жазу барысында дереккөздерді жинау, жүйелеу, талдау, қорыту және салыстыру әдістері, тарихи-салыстырмалы, салғастыру тәсілі қолданылды.

ТАРИХ, ЭКОНОМИКА, ҚҰҚЫҚ 

141-150 378
Аннотация

Бұл мақалада Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары болған поляк-кеңес қарым-қатынастарына байланысты кейбір мәселелерді қарастыру алға қойылды. Сондай оқиғалардың бірі – Қазақстан мен Орта Азияда поляк армиясын жасақтау жұмыстарына қатысты кейбір мәселелер. Қазақстан тарихындағы әлі де зерттеуді қажет ететін аспектілердің бірі – Қазақстан мен Орта Азияда поляк армиясының құрылу тарихын зерттеу болып табылады. Мақаланы жазу барысында тарих ғылымының дамуы барысында қалыптасқан тұжырымдар жиынтығы мен тарих ғылымының алдыңғы қатарлы мамандарының зерттеулерінде көрініс тапқан өзекті мәселелерге жаңа тұрғыдан қарау, жаңа тарихи ойлаудың тұжырымдамасы, соңғы жылдары отандық тарих ғылымында болып жатқан түбегейлі өзгерістер де басшылыққа алынды. Сонымен бірге Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің «құпия» белгісімен сақталған мұрағат құжаттары пайдаланылды. Тарихтың міндеті – осы кезеңге байланысты мемлекеттік көшбасшылардың сыртқы саяси бағытын анықтау, сондай-ақ бұрынғы тарихи айғақтар мен дәлелдерді өз елінің халықаралық сахнадағы әрекеттерінің пайдасына шешу жолдарын қарастыру.

ПЕДАГОГИКА ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯ 

151-159 461
Аннотация

Бұл мақалада сыни тұрғыдан ойлау білім беру технологиясы ретінде емес, білім беру идеалы ретінде қарастырылады. Сыни тұрғыдан ойлаудың табиғаты туралы мәселе әлі де ашық, және мақалада келешек дискуссия үшін маңызды негізгі ұғымдар мен анықтамалар берілген. Сыни ойшының әртүрлі көзқарастарды ұстанатын қасиеттер жиынтығы бар. Осы жиынтықтың контексінде біздің елде қабылданған анықтамалар талданады. Бұдан әрі мектеп оқушылары мен студенттердің сыни ойлауын дамыту деңгейіне қойылатын талаптардың сәйкессіздігі қарастырылады. Мақаланың соңында ол сәйкессіздіктерді жою мен әлемдік білім беру идеалына жақындау мақсатында студенттерге сыни тұрғыдан ойлауды оқытуды интеграциялаудың негізгі мүмкіндіктері қарастырылады.

160-169 411
Аннотация

Аталмыш мақалада бастауыш мектепте шетел тілін оқыту үдерісінде оқушының дамуының мәдениеттану аспектісінің теориялық ережелері мен практикалық мәселелері қарастырылады. Авторлар мәдениетті тұлғаны қалыптастыру және мәдениетаралық қарым-қатынастың негізін айқындайтын факторлардың бірі ретінде қарастырады. Мақалада мәдениет пен тілдің арақатынасы мәселелері талқыланады, оқытылатын тіл елдеріндегі әлеуметтік-мәдени болмысты модельдейтін жағдайлар туғызу мәселелері зерттеледі. Авторлар балалар мәдениеттану аясында мазмұнын толықтыру мақсатында "Шетел тілі" пәні бойынша құрастырылған типтік оқу жоспарына қосымша материалдар мен тақырыптарды ұсынады, олар бастауыш сыныптарда ағылшын тілі сабағының тартымдылығын еселей түседі. Мақалада эксперименталды жұмыстың нәтижелері және зерттелетін мәселе бойынша негізгі қорытындылар баяндалады. Зерттеу мәдениетаралық коммуникация мәселелерімен айналысатын ғалымдардың, белгілі отандық және шетелдік әдіскерлердің ғылыми жұмыстарына, озық педагогикалық тәжірибеге, авторлардың жеке ізденістеріне негізделген.

170-179 633
Аннотация

Мақалада пәнаралық және интеграция ұғымына түсінік бере отырып, олардың тиімді жақтары қарастырылды. Пәндерді интеграциялауда 4-сыныптың төрт пәнінің тақырыптары қарастырылды. Ортақ тақырыптар негізінде материалдың өзара байланысы, бір-біріне тигізетін ықпалы, ортақ белгілері арқылы бір- бірімен сабақтасуы анықталды. Бұл мақаланы зерттеу барысында бастауыш білім берудің оқу бағдарламасы қаралып, әр пәннің тақырыптық жоспар мазмұны, оқу мақсаттары және тапсырмалары жан-жақты талданды. Педагогикалық және оқу-әдістемелік әдебиеттерді зерттеу, сонымен қатар пәндер арасындағы байланыстарды ашуға мүмкіндік беретін салыстыру, жинақтау әдістері пайдаланылды.

180-189 390
Аннотация

Балалардың церебралды салы (БЦС) бар балалардың кез-келген дағдысын, соның ішінде өзін-өзі күту дағдыларын қалыптастыру моторика саласының дамуына тікелей байланысты болады, өйткені кез-келген дағдыны жүзеге асыру қимыл-қозғалыс арқылы орындалады. Зерттеуге БЦС, спастикалық диплегиясы бар кіші мектеп жасындағы (6-7 жастағы) 24 бала қатысты. Зерттеуде қолданылған әдістер: 1) Моторлық қызметін тексеру: глобальды моторлы функцияларды жіктеу жүйесі; Эшворттың модификацияланған шкаласы; қол динамометриясы; арқа бұлшық еттерінің шыдамдылық күші; статикалық координация; қолдың манипуляциялық әрекетін бағалау; көру-моторлық реакциясы; 2) Өзін-өзі күту дағдыларын тексеру: өзін-өзі күту қабілетінің жалпы сипатын бағалау; шалбар кию мен шешу дағдысы; шұлық кию мен шешу дағдысы; аяқ киім кию мен шешу дағдысы. Өткізілген зерттеу нәтижелеріне сандық және сапалық тұрғыдан талдау жасалды. Сонымен, алынған зерттеу нәтижелері церебралды сал болған балалармен жүргізілетін түзету- дамыту шараларын дұрыс жоспарлауға, ұйымдастыруға және өткізу үшін қажет.

190-199 467
Аннотация

Балалардағы ең көп таралған мінез-құлықтық бұзылулар назар тапшылығы және гипербелсенділік синдромы (СДВГ) болып табылады. Мақалада кіші мектеп жасындағы балалардың СДВГ мәселесі бойынша шетелдік және отандық зерттеушілердің ғылыми жұмыстарының талдауы ұсынылған. Павлодар мектептерінің бірінің 32 баласымен эксперимент жүргізілді. Балаға қарым-қатынас сипатының өзгеруі, ата-аналарға психологиялық көмектің арнайы бағдарламасын іске асыру нәтижесінде қабылдау мен түсінудің мінез-құлықтық стереотиптері туралы алынған мәліметтер ұсынылған. Жүргізілген зерттеу нәтижелері осындай балалармен психокоррекциялық қызметке саралап қарауға мүмкіндік береді.

ӨНЕР ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ 

200-206 489
Аннотация

ХХІ ғасыр COVID-19 пандемиясы әлемді қатты өзгертті. Қазіргі уақытта бұл өмірдің барлық салаларына қатысты ең өзекті тақырып. Бұрын ешқашан барлық елдерде театрлар бір мезгілде сахнадан және көрермендермен байланыстан қол үзіп қалмаған. Мақаланың мақсаты - театрлардың алдында туындаған мәселелердің кешенін анықтау және сахна өнеріндегі «кереғар» жағдайларды қарастыру. Әлеуметтік оқшаулау талабы театр мен көрермен арасындағы байланыс сипатын өзгертуге қалай әсер еткені талданады. Мақалада онлайн форматтағы театр жұмысының жаңа түрлері қарастырылған.

207-216 405
Аннотация

Мақаланың өзегін аңызға айналған Қорқыт есіміне байланысты әдеби-музыкалық жәдігерлер құрайды. Мұнда ғылыми оралымда жүрген көне аңыз-әфсаналардың жазып алынуы мен зерттелуі сөз болады. Олардың ғылыми оралымға түсу барысындағы өзгерістерге ұшырауы қарастырылады. Қорқытқа телініп жүрген музыкалық сарындар талданып, сын тұрғысынан зерделенеді. Соңғы кездері ғылыми оралымға түсе бастаған,бірақ бұрын белгісіз болып келген музыкалық сарындардың дереккөздік сипаты талданады. Сонымен бірге бұл сарындардың ғылыми маңызы мен көркемдік дәрежесі анықталады.

217-225 593
Аннотация

Ұлттық мәдениеттің бір нышаны және қоғамдық, тұлғалық, ұлттық сананың негізін қалайтын құрамдас бөлік ретінде қазақ биінің тарихы тым тереңде. Аңшылық, әскери қимылдар, еңбек дағдыларын бейнелейтін қарапайым пластикалық қозғалыстардан Ұлы Дала халқының мәдениет деңгейін, рухани қажеттілігін анықтайтын, адамның жан дүниесі мен толқынысын суреттейтін көркем-бейнелеуіш құралға айналғанға дейін халық биі дамудың ұзақ жолынан өтті. Бұл мақалада қазақ халқының би өнерінің шығу тарихына шолу жасалады. Би мәдениетінің этномәдени бастауларының ішіндегі негізгісі ретінде халықтық салт-дәстүрлер зерделенеді. Сонымен қатар, бақсылықтың шығармашылықтың көптеген түрлерінің дамуына, оның ішінде қазақ би қимылдарының қалыптасуына тигізген әсері қарастырылады.

226-232 735
Аннотация

Мақалада ұлттық классикалық шығармаларымыздың арасында сан буын режиссерлер мен актерлер шеберлігінің қалыптасуына зор ықпал еткен пьесалардың бірі Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясының 1942 және 1958 жылдардағы сахналық қойылымдары қарастырылды. Мұнда аталмыш трагедияның сахналық даму эволюциясы анықталып, режиссерлік және актерлік өнердің дамуына тигізген әсері спектакльдерді талдау барысында сараланды. Сол арқылы көрермендердің рухани жан-дүниесі мен эстетикалық талғамының қалыптасуына бұл туындының қаншалықты ықпал еткені анықталды.



ISSN 2306-5079 (Print)